Мәжіліс Ардақ Назаровтың пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында Парламенттің төменгі палатасы Назаровтың әрекетінен регламентті немесе депутаттық әдеп ережелерін бұзу белгілерін байқамағандарын айтты.
"2025 жылғы 10 қыркүйекте депутаттық сауалды жариялау кезінде депутат Назаров А.К. тарапынан анасын құттықтауға қатысты Парламент пен Мәжіліс регламентінің нормаларын, соның ішінде депутаттық әдеп ережелерін тікелей бұзу белгілері байқалмады", – делінген жауапта.
Мәжіліс мәліметінше, бұл сөз "пленарлық отырыстың өту барысына әсер етпеген және орынды формада айтылған". Осыдан депутаттардың мінберден аналарына құттықтау айтуына болады деген қорытынды шығады. Ең бастысы – Назаров сияқты "орынды формада" жеткізу.
Сонымен қатар, Мәжілісте парламенттік мінбер тек тікелей мақсаты бойынша пайдаланылуы керек екені айтылды.
Айта кетейік, Ардақ Назаровтың құттықтауына қоғамда реакция әртүрлі болды. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары Мәжіліс отырысын "Поле чудес" бағдарламасына теңесе, енді біреулері депутатты қатаң сынап, Парламент қабырғасында қатаң регламент пен протокол сақталуы тиіс екенін еске салды. Тіпті оның құттықтауынан кейін әлеуметтік желіде түрлі мемдер мен пародиялық видеолар пайда болды.