Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының үлкен мүшелерінің мәйіті табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz КТК арнасының өңірдегі тілшісі Жанат Молдашеваға сілтеме жасап.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жангелдин ауылына арнайы барған журналист әлеуметтік желідегі парақшасында үй иелерінің қаза тапқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жазғы үйде екі егде адам өлтіріліп, жерленген. Қылмысты жасыру мақсатында мәйіттердің үстіне білдіртпей жатын жиһазы қойылған.
Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында бұрын хабар-ошарсыз кеткен отбасының үй иелерінің өлі денесі табылғанын Атырау облыстық полиция департаменті де растады.
Полицияның мәліметінше, аталған ауданда бұған дейін жоғалған ерлі-зайыптылардың мәйіттері анықталған. Қазіргі уақытта тағы екі адамды табу үшін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің жеке басы белгілі болды.