Танымал актриса Дариға Бадықова журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жеке өміріндегі қиындықтары туралы ашық айтып, өзіне жылулық пен қамқорлық жетіспегенін жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өнер иесі көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленгенімен, жеке өмірде өзін жалғыз сезінетін сәттері болатынын жасырмады. Оның айтуынша, халықтың махаббаты мен жақын адамыңнан көретін сүйіспеншілік – екі бөлек дүние.
«Мен өнеріммен ғана ерекшемін. Ал өмірде мен де қарапайым адаммын. Менің де жүрегім бар. Мен де көп нәрсені шеше алмаймын, қиындықтар болады. Иә, маған жылулық жетіспеді. Халықтың махаббатына бөлену бір бөлек, ал сенің жеке өмірің бар ғой. Екеуі – екі бөлек махаббат», – деді актриса.
Дариға Бадықова сұхбат барысында үнемі өзін қорғауға мәжбүр болғанын және мұндай жағдайдан шаршағанын да жасырмады. Ол өмірінде жылулық пен қамқорлықтан бөлек, өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік беретін қолдауды іздегенін айтты.
«Мен жылулық, қамқорлық, қорғаныс іздедім. Өзімді қорғап жүруден шаршадым. Бірақ қорғанып жүрсем де, маған оқ тиетінін түсіндім», – деп ағынан жарылды Дариға Бадықова.
Актриса осылайша танымалдылық пен халықтың ықыласы адамның жеке өміріндегі жылулық пен сүйіспеншіліктің орнын толтыра алмайтынын жеткізді.