Қоғам

«LRT бағаналары жалға беріледі»: Депутат еш жерде айтылмаған мәліметтерді жария етті

14:21, 05 шілде 2025 16

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында әріптестерімен бірге Астанадағы LRT-ге барғанын айтты. Компания өкілдері экскурсия ұйымдастырып, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

LRT басшылары бір топ депутат -  Дүйсенбай Тұрғанов, Павел Казанцев, Марат Башимов, Татьяна Савельева, Снежанна Имашеваны қарсы алып, есеп берді.

 Самат Нұртазаның айтуынша жоба құны 1 миллиард 880 миллион доллар тұрады.

«Бекеттердің саны –18. Олардың арасындағы қашықтық әр қилы, 400 метрден 2 километрге дейін. Бекеттерде эскалатор мен лифттер қарастырылған. Бір құраманың ішінде 4 вагон, бір-бірінің арасы ашық. Құрама саны - 19 дана. Пойыздардың арақашықтығы  2-4 минут деп жоспарланып отыр», - деп жазды депутат.

Ол вагондардың сапасы жақсы екенін, отыратын орындықтар Лондон мен Мәскеудегідей пластмасса емес, жұмсақ материалдан жасалғанын атап өтті.  

«Әуежай - Нұрлы Жол Вокзал» деген маршрут толық аяқталып, іске қосылған соң, LRT тармағын «Қосшы» мен «Ильинка» жаққа (Жағалау арқылы) қарай созу жоспарланып отыр. Қытайдың инженерлері бәрін өлшеп, барлығын тестілеуден өткізейін деп жатыр екен. Әсіресе қыста қалай жүреді? Қыста есік қатып қалмай ма? Жаздың ыстығында рельс кеңеймей ме? Төтенше жағдайда вагон ішіндегі пластик сынып кетпей ме? Содан кейін ғана барып, Қазақ LRT жобасына кепілін береді екен», - деп толықтырды Нұртаза.

Оның айтуынша әр пойызда бір қадағалаушы адам отырады. Ол пойызды жүргізбейді, жай күзетші-көмекші-бақылаушы сияқты функциялар атқарады. Әр бір вагонның іші-сырты қазақи нышанда оюланған.  

LRT жолын ұстап тұрған бағаналар жарнама үшін жалға беріліп, ол қаражат та LRT әкімшілігінің теміржолды баптап-қадағалауға кететін қаражатына демеу болмақ.

«Билет құны 200 теңге болады деп жоспарлануда. Бірақ ол шешім әлі нақты емес», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар вагондарды жуатын, тазалайтын депо салынып жатыр. Ол жерде барлық жұмысты роботтар атқарады, адам баласы араласпайтын процесс. Түн сайын 19 сқұрама (76 вагон) жуылады.

Пойыздар таңғы сағат 06:00 мен 23:00 арасында қатынамақ. LRT жолының бойындағы үйлердің тұрғындары пойыздардың 24 сағат жүруіне қарсылық танытқан.   

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз