Қоғам

Лаңкестік ұйымдар өз қатарына жастарды көптеп тартуда - теолог

12:26, 08 қыркүйек 2025 22

Бүгінде жастардың теріс діни ағымдарға, экстремистік және лаңкестік ұйымдардың ықпалына түсуі қоғам үшін өте өзекті әрі қауіпті мәселе болып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" теологы Ерсұлтан Ештай айтты, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Жасөспірімдер мен жастар – елдің болашағы, мемлекеттің тірегі. Бірақ дәл осы топ – әртүрлі манипуляцияға, жалған уәделер мен психологиялық әсерге ең осал келеді. Теріс пиғылды ұйымдар жастардың дінге деген қызығушылығын пайдаланып, өз идеологиясын таңуға тырысады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін:
- Жастарға діни сауаттылықты дұрыс жолмен жеткізу;
- Ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру;
- Отбасылық, мектептік, қоғамдық тәрбиені күшейту қажет, - деді теолог.

Жастарға бағытталған патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтарды ұғындыру, зайырлы қоғам ұстанымдарын түсіндіру – лаңкестікке қарсы ең тиімді құралдардың бірі дейді ол. Айтуынша, соңғы жылдары әлемдік деңгейде лаңкестік ұйымдардың өз қатарына жастарды тарту әрекеттері үдей түскен.

Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жастардың санасына деструктивті идеяларды сіңіру – қазіргі заманның басты қауіптерінің бірі болып отыр. Оның басты нысанасы көбіне – жастар. Себебі, жас буын ізденгіш, эмоцияға тез берілгіш әрі ақпараттық кеңістікте белсенді. Сондықтан жастарды теріс идеологиядан қорғау – қоғам алдындағы ең үлкен міндеттердің бірі. Жастардың экстремистік топтарға тартылуының бірнеше негізгі себептері бар:
- Ақпараттың шектен тыс көптігі және оның сүзгісіз қабылдануы;
- Жастар арасындағы жұмыссыздық пен әлеуметтік әділетсіздікке сенімсіздік;
- Қоғамнан оқшаулану немесе өзін керексіз сезіну;
- Діни сауаттың төмендігі мен жалған дін таратушылардың ықпалы.
Бүгінгі күннің басты талабы – жастарды жат идеологиядан қорғау үшін отбасынан бастап, мектеп, қоғам, мемлекет болып бірігіп жұмыс істеу. Себебі бір ғана жас адасса – оның артында бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келуі мүмкін, - деді Ерсұлтан Ештай

Маманның айтуынша, деструктивті діни ағымдар көбіне 14-30 жас аралығындағы жастарды өз қатарларына тартуға тырысады. Себебі, бұл жастағы адамдар ізденіс үстінде, өзін-өзі тануға, қоғамда орнын табуға тырысады. Осы кезеңде олар жалған діни идеяларға оңай алдануы мүмкін.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз