$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

«Күйеуім кінәлі емес»: Каспий ісі бойынша күдікті Данияр Хайрушевтің әйелі пікір білдірді

Редактор
27.09.2026, 13:43
Ә. Хайрушеваның жеке парақшасынан
Ә. Хайрушеваның жеке парақшасынан
Ол көпшілікке асығыс қорытынды жасамауды ұсынды

Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің күдікке ілінуіне байланысты әлеуметтік желіде жары Әсел Хайрушева жазба жариядады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«Менің күйеуім бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарды. Ол болжамдар мен өзгенің сөзіне сүйеніп айыпталуға емес, өз уәжін айтуға мүмкіндік берілуіне лайық. Мен ерекше қарым-қатынас сұрамаймын — істің әділ әрі объективті қаралуын сұраймын. Егер оған қатысты қандай да бір кінә тағылатын болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы тиіс. Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын. Біз ашық сөйлесуге дайынбыз, бірақ бұл тек өзара құрметке негізделген және заңға сай тәртіппен өтуі керек», - деді Әсел Хайрушева.

Еске салайық, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев те бар. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.