Әлеуметтік желілерде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады. Желі қолданушылары кадрдағы әйелді Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға кезінде қаза болған сарбаздардың бірінің анасы деп жазған. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында да видео осы сипатта жарияланған, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Видеоның Қазақстанға және Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысы жоқ.
Видеоның түпнұсқа авторы кадрлардың Марокконың Танжер қаласында түсірілгенін растаған. Оның айтуынша, видеодағы әйел — Алжирден келген қыз.
«Сәлеметсіз бе. Иә, кеше видеоны сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалған едім. Таңертең қарасам, пікірлер мен репосттар өте көп екен. Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел — Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын», — деп жауап берген видео авторы.
Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалар кезінде эмоциялық сипаттағы видеолар, сондай-ақ ескі немесе басқа елдерде түсірілген кадрлар бастапқы контекстен ажыратылып, әлеуметтік желілерде жылдам таралуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Оқиғаға байланысты іздеу жұмыстары жүргізілді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде «қаза болған сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы» деген ақпарат тараған болатын. Кейін бұл мәліметтің жалған екені анықталды. Видеодағы әскери қызметшінің тірі екенін оның әкесі Талғат Құлмановтың өзі растаған.