Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру бойынша жұмыс қарқынды жалғасуда. Қазірдің өзінде жоспарланған 110 мың түп ағаштың жартысынан астамы отырғызылған деп хабарлайды bairaqmedia.kz
2025 жылға бекітілген өңірлік жоспарға сәйкес, Алматы облысында 110 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемде соның жартысынан көбі, яғни, 65 мыңнан астам тал егілді.
Ең көп жасыл желек Еңбекшіқазақ ауданында, Қонаев қаласында және Талғар ауданында отырғызылған. Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Алатау қаласында да тал егу бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Көшеттерді әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтар, кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар өз қаражаттары есебінен алуда. Бұл олардың экологиялық мәселелерді шешуге және туған жердің болашағына деген қамқорлығына нақты үлес қосып отырғанының жарқын көрінісі.
Жасыл аймақтар құру — тек қана абаттандыру емес, бұл — тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өміріне салынған инвестиция. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрақты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді, — деп атап өтті Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру басқармасының қызметкері.
Осы жұмыс күзде де жалғасын таппақ. Жыл соңына дейін отырғызылған ағаштар саны 110 670-ке жеткізіледі деп жоспарлануда. Акцияға тек қана кәсіпкерлер емес, сондай-ақ, мемлекеттік органдар, волонтерлер, оқушылар, аудан мен қала тұрғындары, аға буын өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар белсене қатысуда.
Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұған дейін экологиялық бастамалардың күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Ал, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұсауын кескен еді. Жоба барлық өңірді қамтыды. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» - көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін үнемі айтып келеді.