Кореяға жұмысқа кеттік деген бірнеше жерлесіміздің Таяу Шығыстағы заңсыз марказдарға аттанған. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген видеода айтылады, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Соңғы уақытта нәпақа табу үшін Кореяға кетіп жатқан жерлестеріміздің қарасы көп. Алайда, олардың бәрі бірдей жұмыс істеу мақсатында бармайды дейді мамандар.
Шекарадан өтіп, «Таңғы шық еліне» табан тіреген соң солардың кейбірі із-түзсіз жоғалып кетіп жатыр. Бірі заң талаптарын білмегендіктен елшілікке хабарласпайды.Енді бірі жымысқы жоспарын жасыру үшін түлкібұлаң тәсілге салады. Бұлай деуімізге себеп, Кореяға жұмысқа кеттік деген бірнеше жерлесіміздің Таяу Шығыстағы заңсыз марказдарға аттанғаны анықталып отыр. Мұндағы басты сұрақ – сонда жастар жат жерде қиындықты еңсере алмай, рухани тіректі діннен іздеп кетті ме? Әлде о баста халықаралық террорлық топтарға қосылуды көксеп шекара асты ма? - делінде бейнероликте.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропада террорлық акт жасағандардың көбі мигранттар екен.
Демек, халықаралық террорлық топтарға келімсектерді арбап, беліне бомбасын байлап, шахидсің деп, арқадан қағып, қылмысқа итерген тиімді. Қызуқанды жастар псевдошейхтардың шатақ идеологиясын бағамдай алмайды. Сөзіне сенеді, амалына ереді. Қазір «Қатиба таухид валь-джихад» террорлық ұйымының белсендісі Содин Самаркандидің заңсыз орталығында бос тасалап жүрген жерлестеріміздің бары белгілі болды. Ескертеміз, Таяу Шығыстағы бейресми марказдардың діни білім беруге арнайы лицензиясы жоқ. Оларды түр-түсін біліп болмайтын түрлі қорлар қаржыландырады. Сондықтан, оны қалаған уақытта кез-келген мақсатына қарай пайдаланады, - деп ескертті діни қызметкерлер.
Еліміздің заңнамасына сәйкес, халықаралық террорлық ұйымдардың қызметіне қатысу аса ауыр қылмыс саналады. Сондықтан, от басып, опық жемей тұрып ойланыңыз.