Атырау әуежайында әуе компаниясының қызметкерлері жолаушының атына бірнеше қорап рәсімдеп, өзге қалаға контрабандалық балық тасымалдамақ болған. Бұл туралы “Құқық және шындық” қоғамдық бірлестігінің филиал басшысы әрі блогер Рүстем Баязиев желідегі парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Оның айтуынша жолаушыда қол жүгі ғана болған.
Scat әуе компаниясының қызметкерлері жолаушыға ескертпей, үстінен тығылып жүк рәсімдеген. Қорап-қорап балық берген екен. Жолаушы бейхабар, - деп жазды блогер.
Контрабандалық тауарды полицейлер мен әуежай қызметкерлері ұшақ көкке көтерілмей жатып анықтапты. Сөйтіп, атына қорап-қорап балық рәсімделген жолаушы полиция бөлімшесіне жеткізіліпті.
Рүстем Баязиевтің айтуынша, ол еш жазығы болмаса да рейстен қалып, полицияға түсініктеме беріп жатыр екен.
Блогер қораптарды беріп жіберді делінген әуе компаниясының қызметкерін де видеоға түсірген. Алайда, ол тек жолаушының өзімен сөйлесетінін айтқан.
Блогер: «Жүктің ішінде есірткі болса не болатын еді?» – деп алаңдаушылық білдірді.