Көкшетауда көлігін жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген ер адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Әйел кейін тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне себеп болған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Region03.kz парақшасы таратқан ақпаратқа сәйкес, көлік иесіне қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігі бойынша тергелген. Бұл бап көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамға рөлге отыруға рұқсат беріп, абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдайларды қамтиды.
Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты тоқтатылды.
– Көлік иесіне қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды, – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.
Іс тоқтатылғанға дейін ер адамға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген. Қайғылы жол апаты 9 мамыр күні Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында болған. Жүргізуші куәлігі жоқ әрі автомектепте оқымаған әйел күйеуінің рұқсатымен жол талғамайтын көліктің тізгініне отырған. Тұрғын үйдің ауласына кіріп келе жатқанда ол 52 жастағы әйелді қағып кеткен. Зардап шегуші ауруханада көз жұмды. Сот материалдарына сәйкес, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп отырған.