Түрксіб аудандық сотында наурызда әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовтың ісі бойынша сот процесі басталды. Сот отырысына жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова да қатысты деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Машрапбек Баратовқа үш бап бойынша айып тағылған. Ол сотта кінәсін толық мойындады.
Сотталушы кепілге алу, қару қолдана отырып бұзақылық жасау және терроризм туралы жалған хабар беру баптары бойынша жауапқа тартылуда. Бұл айыптар бойынша ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сотта кепілге алынған әуежай қызметкері Ботагөз Мұхтарова да жауап берді. Ол сол оқиғаны еске алып, көзіне жас алды.
Еске салайық, өткен айда ер адам Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілге алып, көпшілік алдында оған пышақ кезеген болатын. Артынша, Мұса Әбдірайым есімді ер адам қызды құтқарып, кепілге өзін ұсынады. Кейін қаскөйді сөзге айналдырып, қолындағы пышағын жұлып алған.