Нұрила Аманбаева есімді желі қолданушысы есту қабілетінде ақауы бар такси жүргізушісін мазақ етіп, видео жариялаған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл әрекет желі қолданушыларының ашуын туғызды. Қоғамның сынынан кейін ол бейнероликті өшіріп, жүргізушіден және көпшіліктен кешірім сұрады.
«Соңғы тәулікте менің өмірім қатты өзгерді. Мен желіде жариялаған орынсыз видеома қатысты жағдайды түсіндіргім келеді. Өз қателігімді толық түсіндім және жауапкершілікті өз мойныма аламын. Барлығыңыздан шын жүректен кешірім сұраймын. Өз әрекетімді өте ұят санаймын.
Біз көлік жүргізушісінің отбасымен байланысқа шықтық. Олар аноним болып қалуды жөн көрді. Жүргізушінің өзінен және оның отбасынан жеке кешірім сұрадым. Енді осында көпшілік алдында да кешірім сұрағым келеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдардан да кешірім өтінемін.
Блог жүргізіп келе жатқан бес жыл ішінде мен ешқашан ешкімнің көңіліне тиюді немесе біреуді ренжітуді мақсат етпедім. Контентімде ешкімді қорлауға немесе кемсітуге ниетім болған жоқ. Ешқашан ешкімді мазақ ету ойымда болған емес.
Мен бұл жағдайдан үлкен сабақ алдым және мұндай жағдай енді қайталанбас үшін өзіммен, қателеріммен жұмыс істеймін. Маған өте ұят, тағы да бәріңізден кешірім сұраймын», - деді блогер.
Айта кетейік, желіде қазақстандық блогер Нұрила Аманбаеваның төңірегінде сыни пікірлер жазылған еді. Желі қолданушылары оның "есту қабілеті нашар такси жүргізушісі туралы контент" жасағанына наразылық білдірді. Жүргізушінің есту қабілеті нашар екенін біле тұра блогердің таксиде ән айтып, баласына айғайлауға "рұқсат бергені" желі қолданушыларының ашуын келтірген.