Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан халқына көңіл айтып жатыр. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан мен Түркияның сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қайғыға ортақтасты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол қайғылы оқиға туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын айтып, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қолдау білдірді.
«Қырғыз Республикасының халқы және өз атымнан Сізге, қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына осы ауыр сәтте шын жүректен көңіл айтып, қолдау білдіремін», – делінген жеделхатта.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі де Қазақстан халқына көңіл айтты. Ведомство қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына сабыр тілеп, қайғыға ортақ екенін жеткізді.
Түркия Сыртқы істер министрлігі Ақтау жағалауындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жариялады.
«Қаза тапқандардың жақындарына және Қазақстан халқына көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу және Қазақстан халқымен ынтымақтастық белгісі ретінде ШЫҰ-ның Бейжіңдегі бас кеңсесінде Қазақстанның мемлекеттік туы төмен түсірілді.
Осылайша Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан халқына бірқатар мемлекет пен халықаралық ұйым қолдау білдіріп, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасты.