Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы 24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Атап айтқанда, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қозғалған.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Бас прокуратураның мәліметінше, оқиға орнында ІІМ, ТЖМ және прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, тергеу ерекше бақылауға алынған.
Үкіметтік комиссия отырысында Қанат Бозымбаев оқиғаның себептерін қысқа мерзімде анықтауды тапсырды. Сондай-ақ қайғылы жағдайға әкелген әрекеттерге қатысы бар лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі тергеу нәтижесі бойынша қаралатыны айтылды.