Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғаға қатысты жаңа ақпарат тарады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
ZTB QAZAQSTAN мәліметінше, қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 12-ге жеткен.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткенін хабарлаған. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз адамның қаза тапқаны, үш әскери қызметшінің құтқарылғаны айтылған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура арнайы жедел-тергеу тобы құрылғанын, қажетті сот сараптамалары тағайындалғанын мәлімдеді. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Сонымен қатар оқиға орнына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған комиссия аттанды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері, ТЖМ бөлімшелері, авиация және басқа да қызметтер жұмылдырылған.