Қазақстан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А.-ға қатысты тараған ақпаратқа ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, екі әскери қызметші де қазір әскери бөлімде және қызметін жалғастырып жүр, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығуға байланысты аталған сарбаздар туралы түрлі ақпарат тараған еді. Соның ішінде профессор Дәметкен Сүлейменова туысы Айнар Ахметовтің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оның өз күшімен жағаға шыққаны туралы жазған болатын.
Алайда Қорғаныс министрлігі Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. теңіздегі емес, жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болғанын мәлімдеді.
«Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», – делінген министрлік хабарламасында.
Осылайша, ведомство әлеуметтік желілерде аталған әскери қызметшілерге қатысты тараған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеп отыр.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және оқиғаға қатысты ресми деректерге сүйенуге шақырды.