$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

Кадрлық тағайындаулардан армияның түбегейлі реформасына дейін – Қарин Маңғыстаудағы жағдайдан кейін Президент қабылдаған шешімдер туралы айтты

Редактор
28.09.2026, 12:12
Ақорда
Ақорда
Тергеу Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында

Вице-президент Ерлан Қарин Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға қатысты тергеу мен зардап шеккендерге көмек көрсету Мемлекет басшысының жеке бақылауында, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Ерлан Қарин Маңғыстауда болған оқиғаны жалпыұлттық қасірет деп атап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу, зардап шеккендерге көмек көрсету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша жүйелі шараларды бақылауына алғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды», – деп жазды Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілген. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Алғашқы тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізіліп, Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталған. Тергеу Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін арнайы қор және жиналған қаражаттың әділ әрі ашық бөлінуін қадағалайтын қоғамдық комиссия құрылғаны айтылды. Қарин мемлекет тек оқиғаның салдарымен жұмыс істеп қана қоймай, оның түпкі себептерін жоюға бағытталған кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

«Ең бастысы, мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда. Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрды. Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру», – деді Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, қысқа уақыт ішінде кадрлық шешімдерден бастап Қорғаныс министрлігінің жұмысын тексеру және армияны реформалау жоспарын әзірлеуге дейінгі бірқатар шара қолға алынған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау