$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

«Қызылжар» клубының бұрынғы президенті Григорий Лория іздеуге жарияланды

Редактор
09.11.2026, 11:28
«Қызылжар» футбол клубы
«Қызылжар» футбол клубы
Бұрынғы клуб басшысы белгіленген уақытта тергеуге келмеген

Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті, 72 жастағы Григорий Лорияға іздеу жарияланды. Ол сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу және салық төлеуден жалтару ісі бойынша күдікке ілінген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті порталындағы мәліметке сәйкес, Лорияға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Іздеу жариялауға Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашы болған. Қазір оны агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті іздестіріп жатыр.

Qazaqstan Media мәліметінше, 5 қарашада Григорий Лория тергеу органына шақырылған. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 245-бабының 3-бөлігі бойынша күдікке қатысты құқықтық саралауды хабарлау жоспарланған. Аталған баптар сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға қатысты. Алайда бұрынғы клуб басшысы белгіленген уақытта тергеуге келмеген. Осыдан кейін 6 қарашада Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотында оны сырттай қамауға алу туралы тергеушінің өтінішхатын қарау жоспарланған. Соттың қандай шешім қабылдағаны туралы нақты ақпарат жарияланбады.

Клубтағы қаржы дауы

Григорий Лория «Қызылжар» футбол клубын 2014 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін басқарған. 2024 жылы клубта бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу басталғаны хабарланған. Осы іске қатысты клубтың бұрынғы бухгалтері Ольга Замелацкая сотталған. БАҚ мәліметінше, ол мүлікті иемдену және талан-таражға салу, сондай-ақ салық төлеуден жалтару баптары бойынша кінәлі деп танылған. Сот шешімімен одан футбол клубының пайдасына 70 миллион теңге, мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына 287 миллион теңге және мемлекет кірісіне тағы 10,6 миллион теңге өндіру белгіленген. Қазіргі уақытта Григорий Лорияға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның нақты қайда екені туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Айта кетейік, күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау