$ 473.59
 544.68
 5.94

Қостанай облысындағы тас жолда болған жол апатынан екі адам қаза тапты

Редактор
01.08.2026, 10:06
Қостанай облысы ПД
Қостанай облысы ПД
Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда

Екі адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды. Қостанай – Қарабұтақ тас жолында екі көлік бетпе-бет соқтығысқанын өңірлік полиция департаменті жазды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Жол-көлік оқиғасы Бейімбет Майлин ауданының Валерьяновка ауылы маңында болған.

«Chery Cowin және Mazda 626 автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша, салдарынан Chery Cowin көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Chery көлігінің тағы үш жолаушысы мен Mazda 626 жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Cowin көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mazda 626 автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан», – деді Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.