Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов қала тұрғындарына үндеу жасап, төрт жылдық қызметін қорытындылады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Әкім әлеуметтік желідегі жазбасында Жезқазғанның дамуы жолында атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы уақыт ішінде қолдау көрсеткен және сын айтқан тұрғындарға алғыс білдірді.
Оның айтуынша, төрт жылдық қызметі үлкен жауапкершілікпен қатар, өмірлік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген.
«Төрт жыл ішінде сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, туған қаламыздың дамуы үшін шамамыз келгенше еңбек еттік. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болды», – деді Қайрат Шайжанов.
Ол қала тұрғындарымен бірлесе көптеген мәселе көтеріліп, түрлі бастамалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ халықтың әрбір ұсынысы мен пікірі өзі үшін маңызды болғанын жеткізді.
«Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім. Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды», – деді ол.
Сөз соңында Қайрат Шайжанов Жезқазғанның дамуы жалғасып, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнауына тілектестік білдірді.