$ 462.91
 542.16
 6.16

ҚазҰУ-да қауіпсіздік, геосаясат және түркі интеграциясы мәселелері талқыланды

Редактор
28.04.2026, 09:22
GOV.KZ
GOV.KZ
Іс-шара 2026 жылғы 29-30 сәуірде ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде ұйымдастырылды. Конференция жұмысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ – Таяу Шығыс үштағанындағы қауіпсіздік, геосаясат және түркі интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы, Аймақтық қатынастарды талдау орталығы және Халықаралық ғылымды дамыту орталығы ұйымдастырды.

Конференция PhD, доцент міндетін атқарушы Әділбек Алпысбайұлы Ермекбаев жетекшілік ететін AP22788787 «Қазақстанның ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету контекстінде Халықаралық Транскаспий бағытын іске асырудағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» және AP23483774 «Түркі интеграциясын тереңдету: Қазақстан үшін перспективалар, геосаяси тәуекелдер мен қауіптер» ғылыми жобалары аясында жүзеге асырылды.

Конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Ресей және Ұлыбританиядан келген 100-ге жуық өкіл қатысты. Панельдік сессияларда 25 университет, ғылыми-зерттеу институты, талдау орталығы және сарапшылық ұйымнан 40-қа жуық ғалым мен сарапшы баяндама жасады.

Қатысушыларға құттықтау сөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Жұлдыз Талғатқызы Сайрамбаева және Халықаралық ғылымды дамыту орталығы бас директорының орынбасары Олег Балыбекұлы Есенов арнады.

Конференция барысында Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері, геосаяси өзгерістер, түркі интеграциясының келешегі, халықаралық көлік дәліздері, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Орта дәліз және өңірлік ынтымақтастықтың өзекті бағыттары талқыланды.

Сарапшылар Қазақстанның өңіраралық байланыстарды дамытудағы, көлік-логистика бағыттарын ілгерілетудегі және халықаралық ғылыми-сарапшылық диалогты нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми және сарапшылық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен зерттеулерді дамыту және өңірлік қауіпсіздік, геоэкономика мен интеграциялық үдерістер бойынша тұрақты академиялық диалогты жалғастыру қажеттігін атап өтті.