$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

Қазақстанда уранның стратегиялық қоры құрылады

Редактор
03.11.2026, 15:46
Ақорда
Ақорда
Биыл денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын дамытуға 13 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады. Кездесуде уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру, жаңа кен орындарын барлау және халықаралық нарықтағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысына компанияның қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» жалпы аумағы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, аумағы 124 шаршы шақырым болатын Қызылту учаскесін зерттеу жоспарланған.

Кездесуде Қазақстанның әлемдік уран нарығындағы орнын нығайту мәселесіне де назар аударылды. Биыл компания Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық кәсіпорындарымен табиғи уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасасқан.

Сондай-ақ Президентке ядролық отын циклі саласындағы жобалар мен компанияның 2025–2034 жылдарға арналған даму стратегиясының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру тиімділігін арттырумен қатар, сирек және сирек кездесетін металдарды алу технологияларын жетілдіруге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.

Компания әлеуметтік жобаларға да қаржы бөлген. Биыл денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын дамытуға 13 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстық базаны кеңейту, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайту және әлеуметтік бастамаларды жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау