Қазақстанда балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа заңнамалық түзетулер әзірленді. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов қант, тұз және зиянды майлар мөлшері жоғары өнімдердің балалар ұйымдарында сатылуын шектеуді ұсынып отыр, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, мектептерде мұндай өнімдерге қатысты белгілі бір шектеулер бар. Енді осы талаптарды колледждерге, үйірмелерге, лагерьлерге, оңалту және балалар орталықтарына да тарату көзделіп отыр. Ұсыныстар заң деңгейінде бекітілуі мүмкін.
Қандай өзгерістер ұсынылып отыр?
Депутаттар әзірлеген түзетулер бірнеше бағытты қамтиды:
Сатылымды шектеу. Қант, тұз және зиянды майлар мөлшері жоғары өнімдердің колледждерде, үйірмелерде, лагерьлерде және балалар орталықтарында қолжетімділігін шектеу.
Жарнамаға шектеу. Мұндай өнімдердің жарнамасын балалар телеарналарында, балалар бағдарламаларында және әлеуметтік желілерде шектеу.
Өнім құрамын көрсету. Қант, тұз және зиянды майлар мөлшері шамадан тыс өнімдер туралы ескертуді алдымен баға жапсырмаларына орналастыру ұсынылады. Ал қаптамадағы арнайы белгілерді Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде талқылау жоспарланған.
Энергетикалық сусындарды бақылау. Оларды касса маңындағы сөрелерден алып тастау, жеткізу кезінде сатып алушының жасын тексеру және балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікті шектеу көзделіп отыр.
Неліктен бұл мәселе көтеріліп отыр?
Асхат Аймағамбетов келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың шамамен 23,2 пайызында артық салмақ анықталған. Сонымен қатар, 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 2-типті қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген.
Депутаттың айтуынша, зерттеу нәтижелері бойынша әрбір алтыншы жасөспірім энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Айта кетейік, ұсынылып отырған бастама фастфудқа жаппай тыйым салуды көздемейді. Депутаттың түсіндіруінше, негізгі мақсат – балаларға бағытталған зиянды өнімдердің жарнамасы мен қолжетімділігін кезең-кезеңімен реттеу. Ұсыныстар бизнес өкілдерімен, ата-аналармен және сарапшылармен талқыланбақ.