Астанада материалдық емес мәдени мұраны қорғау және оны келер ұрпаққа жеткізу мәселелеріне арналған үш күндік оқыту семинары басталды. Іс-шара ЮНЕСКО конвенциясы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан, Таиланд және Қырғызстан мамандарының басын қосты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz 24KZ-ке сілтеме жасап.
Семинардың негізгі мақсаты – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды және ұлттық бірегейлікті сақтаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу.
Қатысушыларды теориялық дәрістермен қатар ауқымды практикалық жұмыс күтіп тұр. Мамандар ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу үшін әзірленетін номинациялық құжаттарға қойылатын халықаралық талаптарды егжей-тегжейлі қарастырады.
ЮНЕСКО-ның халықаралық фасилитаторы Линина Пхуттитарн семинар Қазақстанның мәдени мұраны қорғау бағытындағы жұмысының жалғасы екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – ЮНЕСКО формасын қалай дұрыс толтыру керектігін түсіндіру ғана емес. Қазақстанның мәдени мұраны қорғау бойынша нақты атқарып жатқан жұмысы мен күш-жігерін жинақтап, оны жазбаша түрде дұрыс көрсетуге көмектесу», – деді ол.
Ал Қырғызстаннан келген ұйымдастырушы Айжарқын Қожобекованың айтуынша, материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың мәні ЮНЕСКО тізіміндегі элементтер санын көбейтумен ғана шектелмейді. Бұл елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, ортақ мәдени тәжірибені анықтауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар мәдени мұраны сақтау қоғамның ұлттық бірегейлігін нығайтып қана қоймай, тұрақты дамудың маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті.