Қарағанды облысының Абай қаласында 28 жастағы әйел отбасылық жанжалдан кейін ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Оқиғаға байланысты оның 34 жастағы күйеуі күдікке ілініп, ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Осыдан кейін ер адам әйеліне пышақпен бірнеше рет соққы жасаған деген күдік бар. Жәбірленушінің туыстары әйелдің 20-дан астам пышақ жарақатын алғанын айтады. Олардың сөзінше, әйелдің ішкі ағзалары мен көру қабілетіне ауыр зақым келген.
Дәрігерлер зардап шегушінің жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған үш баласы бар. Қазір балалар әжесінің қарауында. Сондай-ақ соңғы уақытта ерлі-зайыптылардың бөлек тұрғаны туралы ақпарат бар. Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Полицияға жедел медициналық жәрдем диспетчерінен Абай қаласының 28 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарлама түсті. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Бақытжан Құдияров.
Күдікті ұсталды. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.