Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Дариға Бадықованың экс-күйеуі Дархан Мұсаевтың және журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың үстінен арыз жазғатынын айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Баланы асырап алу – отбасылық және жеке өмірге қатысты құпия болып саналады. Бұл құпияны жария ету ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (жеке өмірге қол сұқпаушылықты бұзу) және 146-бабы (бала асырап алу құпиясын жария ету) бойынша жауапкершілікке әкеледі», – деді ол.
Оның айтуынша, кейбір азаматтар заңды білмеуі мүмкін, бірақ журналистердің заңнан бейхабар болуы мүмкін емес. Сондықтан ол журналистік этика мен заңды сақтау мәселесін көтерді.
«Журналист – ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін адам. Рейтинг үшін біреудің тағдырын талқыға салу кәсіби абыройға көлеңке түсіреді», – деп жазды Айгүл Орынбек.
Сонымен қатар ол жеке тұлғалардың ар-намысына нұқсан келтіру фактілеріне қатысты заң аясында шара қолданылатынын айтып, Алматы қаласы Ішкі істер департаментіне Жылқышыбай мен Дарханға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы ресми арыз жолдайтынын мәлімдеді.
Айгүл Орынбек бұл жағдайды тек бір адамның құқығын қорғау емес, жалпы қоғамдағы журналистік этика мен заң үстемдігіне қатысты мәселе деп бағалады. Ол барлық бұқаралық ақпарат құралдарын жеке өмірге қол сұқпау, заңнаманы қатаң сақтау принциптерін ұстануға шақырды.