Қоғам

«Жұрттың бәрі экономист емес»: Тоқаев салық реформасына қарсы болғандарға қатысты ойын айтты

16:13, 14 наурыз 2025 15

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда салық реформасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік құрылымның негізгі тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндеттерін толық орындай алмайды, ал әлеуметтік бағдарламалар жүзеге аспайды.

Президент елдегі салық реформасының мән-маңызын халыққа түсінікті тілде жеткізуді тапсырды.

Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек, — деді мемлекет басшысы.

Үкімет ұсынған жаңа салық тәсілдері, жалпы алғанда, дұрыс деп танылды. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Қосымша құн салығын (ҚҚС) арттыру қажеттігіне кәсіби мамандар да, қарапайым азаматтар да түсіністікпен қарайды. Алайда, бұл шараға қатысты сын-пікірлер де бар.

Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке жыл соңына дейін бұл мәселені біржола шешуді тапсырды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз