Марқұм фельдшер Ұлдананың әпкесі сіңлісіне деген сағынышын жүрек тебірентер сөздермен еске алды. Оның айтуынша, Ұлдана жанып өткен жұлдыздай қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Жалт етіп жанып, жұлдыздай ағып кеттің ғой, алтыным... Осынша марапаттың сен өмірден өткеннен кейін берілгені жаныма өте ауыр. Алла рахымына алсын, жаның жәннат бағында шалқысын, ботам. Орның ойсырап қалды», – деп жазды әпкесі.
Айтуынша, Ұлдана артында «Батыр қыз» атағы мен ел құрметтеген марапаттарды қалдырған.
«Елге танымал болам дейтін едің. Міне, күллі халық сені Батыр қыз ретінде таныды, ботам. Қош бол, бақұл бол, жүрегім», – деді туған әпкесі.
Ол сондай-ақ қара жамылып көңіл айтып жатқан жандарға алғысын білдіріп, әр ата-анаға сабыр тіледі.
«Қайғыға ортақтасып, көңіл айтып жатқан барша жанға Алла разы болсын. Ешқандай ата-ананы баламен сынамасын, боталатып қоймасын», – деп жазды марқұмның әпкесі.