Алматы облысында жоғалған тікұшақта болған үшінші адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
12 тамызда су астындағы іздеу жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесі Аман Амангелдінің денесі табылды.
"Ол - тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат", - деп жазды ведомство.
Еске сала кетейік, 10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі табылған болатын. Ал 11 тамыз күні іздеу топтары капитан Бақтияр Ержігітовтің денесін судан шығарды.
Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі.