Қоғам

Жат ағым идеологиясынан қалай қорғануға болады?

11:55, 22 тамыз 2025 36

Теріс діни ағымдардың мақсаты - қарапайым адамдарды өз мақсат-мүддесіне пайдалану, сол арқылы материалдың игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ескертеді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Орталық мамандары қазақ қоғамын әбігерге салған жат ағымдар әрекетінің терістігін көптеген хадиспен дәлелдеуге болатынын айтады.

Айталық, пайғамбарымыз с.ғ.с өзінің бір хадисінде: «Мұсылмандардың Алланың жібіне, дініне жабысып, бөлінбек керек екені» жайында айтады. «Алла сендердің үш нәрсені жасауларыңды ұнатады, олар: біріншіден Аллаға ғана ғибадат ету. Оған басқаны серік қоспау. Екіншіден, түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу. Үшіншіден: сендерге басшы болғандарға мойынсұну», - дейді хадисте. Ал, теріс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол қарапайым адамдарды өз мақсат-мүддесіне пайдалану, сол арқылы материалдың игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Олардың халыққа тигізетін зиянына тоқталсақ, Біріншіден, жат ағым қатарына қосылған жаңа мүшелер психологиялық қысымға ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы адасқан, кәпір деген сияқты әпсананы құлағына құяды. Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып келген дәстүрлі Ислам қате, аталарымыз теріс жолда болған, олар құдайға серік қосып, күпірлікте болды. Қазақтардың ұстанып жүрген діні бидғатқа толы, оларды тазалау керек деп, теріс пікірлерді санасына сіңіреді, - делінген Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» жариялаған видеода.

Екіншіден, жат ағымға кірген адамдар қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды. Тіпті, отбасынан алшақтаған адам уақыт өте келе жаңа ұстазының айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірден салыстыру мүмкіндігінен айырылады дейді мамандар.

Үшіншіден, қауіпті ағымдардың ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады.

Психологиялық тәуелділікке ұрынған адам өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиетін, тәлім-тәрбиесін тәрк етіп, сол ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа еш нәрсеге алып бармасы анық. Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы ауызбіршілікпен ел болу еді. Алла тағала құранда: Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер дегендей мерейі тасыған мейріімді ел боламыз десек, ынтымағымыздан айырылмайық, - делінген бейнежазбада.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз