World Boxing Organization орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын мельдонийге тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бір жылға дисквалификациялады. Дегенмен оның чемпиондық титулы сақталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Дисквалификация мерзімі ішінде қазақстандық боксшыға кез келген кәсіби және көрме жекпе-жектерге қатысуға тыйым салынады. Орта салмақта белсенділікті сақтау және рейтингтегі үміткерлердің құқығын қорғау мақсатында WBO уақытша чемпиондық титул үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат берді: рейтингтің бірінші нөмірі Дензел Бентли екінші нөмірлі Энди Сааведрамен кездеседі.
Сондай-ақ дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы уақытша титул иесімен бірден жекпе-жек өткізуге міндетті болатыны расталды. Бұл айқас толыққанды чемпионды анықтайды. WBO шешіміне сәйкес, оған дейін аралық жекпе-жек өткізуге жол берілмейді, ал талап орындалмаса, ұйым регламентіне сай қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
WBO президенті Густаво Оливьеридің айтуынша, Чемпиондық жекпе-жектер комитетінің шешімі бірауыздан қабылданған. Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап кері күшіне енеді. Толық қорытындылар, шарттар мен талаптар көрсетілген ресми жазбаша құжат кейінірек жарияланады деп күтіліп отыр.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының басында WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен үш титул үшін өтетін жекпе-жекке аз уақыт қалғанда қазақстандық чемпионның ағзасынан допингке қарсы кодекспен тыйым салынған мельдоний табылғаны белгілі болған еді.