Жамбыл облысындағы Аса-Ақкөл жолында жолаушылар автобусы қарсы бетке шығып, Volkswagen көлігімен соқтығысты. Апат салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды bairaqmedia..
Полицияның мәліметінше, жолаушылар тасымалдайтын Van Hool автобусының жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сол жерде ол Volkswagen Golf автокөлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан жеңіл көліктің жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, ал жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу шаралары жүргізілуде, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты құқық қорғау органдары жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз арақашықтық ұстауға, мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға және төтенше қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалап отыруға шақырды.