Желіде Жамбыл облысында жасөспірімнің аңшылық кезінде оққа ұшып көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Telegram желісіндегі Halyqstan арнасының мәліметінше, Жамбыл облысында жасөспірім оқ тиіп қайтыс болды.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 2012 жылы туған екі бала (сыныптастар) түнгі аңшылыққа шыққан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасөспірімдер қоян аулауға шыққан. Балалардың бірі қоянға оқ атып, олжасына қарай жүгіріп кеткен. Бірақ әлі де тірі қоян қашуға тырысқан. Екінші жасөспірім қоянды тоқтатамын деп оқ атқан, бірақ оқ досына тиген", - делінген жазбада.
Жамбыл облыстық полиция департаменті өкілдері NUR.KZ тілшісіне абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді.
Қазіргі уақытта істі толық, объективті және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.
"Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және қадағалау бойынша өз міндеттерін дұрыс орындамаған, соның салдарынан жасөспірімдердің атыс қаруына қол жеткізіп, түнде қараусыз қалғаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда", - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.