Экономика

Жаһандық нарық дағдарысы: Тоқаев шұғыл жиналыс өткізді

19:41, 09 сәуір 2025 101

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты экономикалық мәселелерді талқылау үшін кеңес өткізді. Жиынға премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және басқа да жауапты тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Кеңесте тарифтік қақтығыстар мен жаһандық нарықтағы өзгерістер салдарынан энергетикалық ресурстар мен негізгі тауарлардың бағасы төмендеп, бұл жағдай ел экономикасына да әсер етіп жатқаны айтылды.

Президент Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Құжатта елдің экономикалық өсімін сақтап қалу және инвестициялар көлемін төмендетпеу көзделеді.

Тоқаев елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика саласын жаңғырту сияқты басымдықтар толық жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, президент алдағы аптада бұл мәселеге арналған арнайы кеңес өткізуді жоспарлап отыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз