$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Ғылымға бөлінген миллиардтар қайда кетті? Смайылов ірі заңбұзушылықтарды әшкереледі

Редактор
11.11.2026, 11:34
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Қазақстанда 98 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтар мен тиімсіз шығындар анықталды

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары екі еседен астам артқанымен, ғылыми жобалардың экономикаға нақты пайдасы әлі де төмен. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру нәтижесінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық және 47 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану деректері анықталды. Бұл туралы Палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтайдың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2022–2025 жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда ғылымға жұмсалатын шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16%-ды құрап отыр. Ал көзделген мақсатты көрсеткіш – 1%. Аудит ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыландыру жүйесінде де елеулі кемшіліктер бар екенін көрсетті. Мәселен, 2023–2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қарастырылған.

Бұдан бөлек, 79 ғылыми жобаға шығындары толық нақтыланбастан 62 млрд теңге бөлінген. Қолданыстағы тәртіп бойынша ғылыми зерттеудің түпкілікті нәтижесі бағаланғанға дейін бөлінген қаржының 96–98%-ы орындаушыларға төленіп қояды. Ең өзекті мәселенің бірі – ғылыми зерттеулердің нақты өндіріске енгізілмеуі. Аудиторлар тексерген 60 патенттің бірде-бірі бойынша оны пайдалану туралы келісім жасалмаған.

Коммерцияландыру бағытында да жағдай күрделі. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты түрде сата алған. Ал жалпы құны 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба күтілген нәтижеге қол жеткізбеген.

Сондай-ақ 16 млрд теңге бөлінген 176 ғылыми жоба бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмегені айтылды. Тексеру қорытындысында 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерекке қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.

Әлихан Смайылов ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нәтижесін өндіріске енгізуге дейінгі барлық процесті цифрландыру қажеттігін атап өтті. Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, олардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау