Қазақстанда ғимараттар мен қоғамдық орындарға заңсыз граффити салатындарды жедел анықтау үшін арнайы «вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» жасау ұсынылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында қала инфрақұрылымын бүлдіру және рұқсатсыз граффити салу мәселесін көтерді.
Депутаттың айтуынша, мұндай әрекеттер көбіне санаулы минуттың ішінде, түнгі уақытта жасалады. Ғимараттардың қасбеттері, аялдамалар, жерасты өткелдері және басқа да қоғамдық орындар нысанаға айналады. Ал құқық бұзушыларды ізін суытпай анықтаудың қиындығы олардың жазасыз қалу сезімін күшейтуі мүмкін.
Осыған байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне қылмыс картасына ұқсас «вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» құруды ұсынды. Онда мұндай оқиғалар жиі тіркелетін орындар елді мекендердің географиялық картасында көрсетілуі тиіс. Бұл аумақтарда патрульдеу мен бейнебақылауды күшейтіп, жарықтандыру және абаттандыру мәселелеріне басымдық беру ұсынылады.
Сондай-ақ құқық бұзушыларды жедел анықтау үшін қолданыстағы цифрлық жүйелерге, оның ішінде «Сергекке» бейнеаналитика және бет-әлпетті тану алгоритмдерін интеграциялау ұсынылды.
Бұдан бөлек, депутаттар ғимараттардың қасбеттері мен басқа да ортақ пайдаланылатын орындарға өз бетінше сурет немесе жазу салуға толық тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.
Сонымен қатар әкімдіктерге бүлінген нысандарды жедел қалпына келтіретін арнайы топтар құру және көше суретшілеріне заңды түрде шығармашылықпен айналысу үшін арнайы қабырғалар мен алаңдар бөлу ұсынылды.
Депутаттық сауалда жастар арасында вандализмнің жауапкершілігі мен салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де айтылған.