77 жастағы павлодарлық зейнеткер Тамара Суслова өмірінде 3 мәрте қатерлі ісікті жеңіп шықты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Алғаш рет оған сүт безінің сирек кездесетін Педжет диагнозы қойылған. Суловаға 20 жыл бұрын мастэктомия жасалып, 10 курс химиятерапия алып, аурудың беті қайтқан. Кейін тоқ ішектің қатерлі ісігі дерті ерте сатысында анықталып, дәрігерлер операциямен алып тастаған.
Арада он жыл өткенде әйел тағы да қатты сырқаттана бастайды. Ол аз уақыт ішінде 16 келі салмақ тастап, әлсірей бастаған. Зейнеткер асқазан қатерлігі ісігінің III сатысына шалдыққан. Оны қызы Корея еліне апарып, әр курсы 5 млн тұратын емді қабылдатқызған. Бірақ Тамара Суслова одан толық жазылып кетпеді. Олар Қазақстанға оралып, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығына келеді.
«Пациент бізге үшінші онкологиялық диагнозбен, яғни асқазанның қатерлі ісігімен келді. Бұған дейінгі екі ауру да сәтті емделген. Келген кездегі жағдайы жақсы болды, онкология бар деп айта алмайсың. Өте позитивті адам, өмірге құштар, күрескер. Жазылып шығатынына сенімді болды. Диета сақтайды, тәртіпті пациент», – дейді ҰҒОО абдоминалды хирургия секторының аға ординаторы Алтай Керімқұлов.
Дәрігерлер науқасқа HIPEC – гипертермиялық ішперделік химиотерапия технологиясын қолданып операция жасаған. Ота сәтті өтіп, он күннен соң зейнеткер ауруханадан шықты.
Химиотерапия оң нәтиже беріп, ісік жайлап қайта бастаған. Оған иммундық химиотерапияның қайталама курстары тағайындалды. Тамара Суслова өмірге деген құштарлығы ғажап адам. Ол болашақтан үмітін үзбей, дәрігерлерге сенім артып отыр.
«Қазіргі таңда біздің медицинаның деңгейі барлық көмек түрін көрсетуге толық мүмкіндік береді. Бұл үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Кореядағыдай емді біз де ұсына аламыз», – дейді онкохирург.
HIPEC (Hyperthermic Intraperitoneal Chemotherapy) – жоғары технологиялы емшара, оның барысында операция кезінде іш қуысына қыздырылған химиопрепарат ерітіндісі енгізіледі. Ол шамамен бір жарым сағат бойы айналып, көзге көрінбейтін ісік қалдықтарын жояды. Бұл әдіс Қазақстанда алғаш рет ҰҒОО-да енгізілген және пациенттерді емдеуде табысты қолданылып келеді.