Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясы қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден беретінін айтты.
Оның сөзінше, бұл көмек мемлекеттік қолдауға қосымша ретінде әр отбасына жеке тәртіппен көрсетіледі.
«Қайтыс болған баланы ешқандай ақша қайтара алмайды. Алайда мұндай сәтте бірде-бір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек», – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің тағы бір мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Екі қоғам қайраткері де қаза болғандардың туған-туыстары мен әріптестеріне көңіл айтты.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңіз суы алып кеткен.
Үкіметтік комиссияның нақтыланған мәліметіне сәйкес, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Трагедияға байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.