ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның қорытынды отырысында «Қазақстан тарихы қасіретті кезеңдерден ғана тұрады» деген жаңсақ түсініктен арылу қажет екенін айтты, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

«Қазақстан тарихы тек қасіретті кезеңдерден ғана тұрады деген жаңсақ түсініктен барынша арылуымыз қажет. Әсіресе, «Тарихи жарақат алған» ұлт психологиясына ендігі жерде жол беруге болмайды. Мұндай көзқарас өткенімізді тек шапқыншылықтардың, нәубеттердің, қайғылы оқиғалардың үздіксіз тізбегі ретінде қабылдауға жетелейді. Ал шын мәнінде, тарихымызда жарқын, жасампаз кезеңдер мен оқиғалар әлдеқайда көп болды. Мысалы, Президентіміз айтқандай, біз – Алтын Орда мұрагерлерінің біріміз. Біз – адамзаттың ақыл-ой қазынасына зор үлес қосқан ұлы ойшылдардың ұрпағымыз. Біз – Ұлы Жібек жолы арқылы сауда мен дипломатияның дамуына ықпал еткен бабалардың дәстүрін жалғастырушымыз. Біз – түркі өркениетінің алтын бесігі саналатын Ұлы даланың өкілдеріміз. Сондықтан тарихты сипаттаған кезде ұлы істерімізді алға шығаруымыз керек. Болашақ жетістіктерге жетелейтін ерекше оқиғаларды айтуымыз қажет», – деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.


Оның айтуынша, қазіргі буын өзінің бірегейлігін сезінгісі келеді, соны іздеп тұрады.
«Жастарымыз шыққан тегіне, тамырына қызығушылық білдіреді, ұлттық тарихтан шабыт алады, рух іздейді. Сондықтан, тарих ғылымы қоғамдық оптимизм мен жасампаз дүниетанымды қалыптастыратын берік негізге айналуға тиіс. Сонда мемлекетіміздің өткенді есте сақтай отырып, болашаққа нық қадам басуына қызмет етеді», – деді Ерлан Қарин.
