Танымал журналист Гүлбану Әбенова Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровты жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Ардақ Назаров! Мен, журналист ретінде, сізді ММА ережесі бойынша ашық жекпе-жекке шақырамын. Шығыңыз тікелей эфирге — сол біздің октагонымыз болсын! Сөз жеткілікті. Бос әңгімеден, ертегіден және күмәннен шаршадық. Халыққа көп уәде бердіңіз, көп сөз айттыңыз. Енді сөз емес, іс қажет», — деді Әбенова.
Тікелей эфирде ол өз сұрақтарына жауап беруді талап етті. Білімі, еңбек жолы, өмірбаяны жайлы халық алдында ашық айтылуын сұрады.
«Қолғаптың орнына дипломдарыңызды, студент кезіңізде түскен суреттеріңізді алып келіңіз. Курстастарыңызбен түскен фотоларыңызды көрсетіңіз. Халық бәрін өз көзімен көрсін. Бұл — тек жекпе-жек емес. Бұл — шындық, әділет пен ақиқат үшін айқас. Сіздің жұдырығыңызда халық тұр деп мақтанасыз, ал менің қаламымда халық тұр. Халықты алдамағаныңызды дәлелдеңіз. Егер шынымен ер азамат болсаңыз — октагонға шығып, соны дәлелдеңіз!
Мені «тәтешка» деп сылтау айтушы болмаңыз! Еркек болсаңыз — шығыңыз!», — деді Әбенова.