Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл қайрат ауылында тал түсте ер адамды атып, сәбиді ұрлап кетті. Жаға ұстатарлық оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне жәбірленушінің туыстары айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Осыдан үш күн бұрын келіп, күдіктілер үш баламен жалғыз отырған аяғы ауыр Балзия Абилаеваны ұрып, қорқытып кеткен.
"Полиция басқармасына оларды ұстап бердік. Бірақ сол күні түнгі сағат үшке дейін жүрдік, біз кете салып оларды босатып жіберген. Басты күдікті қайынсіңілімнің артынан жүргірген жігіт. Қайынсіңілім одан қанша қашып, жолатпаса да маза бермеген. Қорқытқан, ұрған", - дейді Балзия Абилаева.
Бір айдан астам әйелді қорқытқан күдікті - Талғар ауданының тұрғыны, техникалық жөндеу орталығы бар 1997 жылғы тұрғын.
"Кеше енем екеуміз үйде болғанбыз. Бұл түскі сағат екі шамасы, күйеуім дүкенге су алуға кеткен. Сол күйі еш хабарсыз кетті. Жаңағы күдікті қасына екі адамды ертіп, қолында автомат, қасындағы екі адамның қолында пышақ үйге кіріп келді. Енемнің маңдайына автоматты тақап, "102 шақырсаң, ата салам" деді", - дейді Балзия.
Ал Балзияның мойнына пышақ тақап қорқытқан. Бұл оқиға балалардың көзінше болған.
"Қайынсіңілімнің қызы ұйықтап жатқан. Соны көтеріп алып кетті. Олар шыға салып мен артынан шығып көліктерін видеоға түсіріп үлгердім. Көрші тәте жүгіріп келе жатыр. "Ернар анда қансырап жатыр" деп айқайлайды. Жүгіріп барсам жүрек тұсынан екі рет атып кетіпті", - дейді Балзия.
Көшенің қақ ортасында күндізгі сағат 14:15-те 30 жастағы Ернар Тұрғанбеков кісі қолынан қайтыс болды.
Қарындасының қыр соңынан қалмаған ер адам ағасын ажал құштырды.
Оның артында 3 бала мен жүкті әйелі қалды. Балалардың үлкені небәрі 3 жаста. Күдікті ғашық болған қызының 3 жастағы қызын алып қашқанда жардан ұшып кеткен, жанұшыра оқиға орнынан қашқанда қолға түскен.
Ал көлікте болған нәрестенің тілін 8 жерден тікті, денесінде сау тамтық жоқ дейді туыстары. Қазір анасымен бірге ауруханада жатыр.
Күдікті ғашығын өзімен дос болуға мәжбүрлеген. Қыз туыстарына айтуға қорқып, соңғы он күнде ғана шындықты айтқан.
"Күдікті қайынсіңілімнің кластасы болған деп естідім, бірақ нақты білмеймін. Баланы жардан ұшқанда Құдай қаққан. Кеше жансақтау бөлімінен шығарылды. Қайынсіңілім екі жерде жұмыс істеген, қорыққанынан бір жұмыстан шығып кетті. Ол полицияға қанша рет арыздарды, тіпті зорлады деп айтты. Бірақ ешкім біздің шағымға құлақ аспады", - дейді Балзия.
Ал оққа ұшқан жігіттің анасының денсаулығы сыр берген.
"Баламның қаны төгілген көшемен қалай жүрем... Тұрғым келмейді бұл ауылда. Алсын жазаларын, Алла сазайын берсін", - деп аңырады анасы.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.