Қазақстан мен Өзбекстан арасында алғашқы теміржол туры іске қосылады


Елімізде «Жібек жолы» атты жаңа теміржол туры іске қосылады. «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша алғашқы рейс 2024 жылдың 16 қарашасында жолға шығады, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Төрт күнде халықаралық теміржол туры туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасында гид қызметі, тамақтану, көлік қызметі және кіру билеттері қарастырылған.

«Ерекше теміржол туры іске қосылмақ. Елдеріміздің мәдени байлығы мен тарихи мұрасына қызығушылық танытатын шетелдік туристерге ыңғайлы блмақ. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамытудағы маңызды қадам», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қала Отырармен таныса алады. Турда  Арыстан-баб кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне, Орталық Азиядағы  ең үлкен «Керуен-Сарай» туристік кешені бар.

Тек тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маршруттың халықаралық деңгейде насихатталуына қолдау көрсетедI.