Қоғам

Елімізде жер беру тәртібі өзгереді

12:32, 08 қыркүйек 2025 41

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәртібін өзгертуді тапсырды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
 
Осы уақытқа дейін мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері аз емес. Бірақ үш жылдың ішінде 13,5 млн гектардан астам жер қайтарылса да, жартысы ғана жаңа жер иеленушілерге таратылды.
 

"Сондықтан әкімдіктер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек", - деді Тоқаев халыққа арнаған жолдауында.

Президенттің айтуынша, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта және электронды конкурстардың негізінде қабылдануы шарт.
 
"Үкімет жылдың соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістерді ұсынуы қажет", - деді Тоқаев.
 
Осы орайда президент жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керектігін де ерекше айтты.
 
"Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс. Бұл – орман шаруашылығына да қатысты мәселе. Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталды", - деді мемлекет басшысы.
 
Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленеді. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз