Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сот аяқталғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты, деп жазады bairaqmedia.kz.
Ол елден кету туралы ойға не түрткі болғанын түсіндірді.
«Қазақстаннан кетуіме көптеген себеп болды. Ол жерде бір емес бірнеше жағдай болды. Оны ашып айтудың қажеті жоқ. Үй мәселесі, бауырымның мәселесі. Кейін уақытша ұстау изоляторында отырғанымда да көптеген дұрыс емес шешімдер болып кетті. Содан кейін қазірше бой тасалап, басқа мемлекетте болуды қаладым. Кейін ақша жинау туралы шоттар да ашылып кетті. Оған менің қатысым жоқ еді», - дейді Қаржаубай Нұрымов.
Ол «алдымен халықты арандатпау керегін ойладым» дейді.
«Халықты арандатпауым керек болды. Көптеген ойлар, жаман пікірлер, митингке шығу сияқты. Жан-жақтан жігіттер хабарласып жатты. Әу бастан айтып келемін, мен ешкімнен қорықпаймын, өз ісіме, сөзіме жауап беремін. Ақша мәселесі немесе үкіметке қарсы пікір туындасын деген ой болмады. Елдің бүлінгенін қаламадым. Мен тек әділдік қана сұрадым. Болар іс болды, қолымнан келгенше күрестім», - дейді Шерзат Полаттың әкесі.