Денсаулық сақтау министрлігі емшара кабинеттерінде қызмет алу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігіне халықтың назарын аударады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылдан бастап 2025 жылдың I тоқсанына дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне рәсімдік медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардан 7 өтініш түскен. Осы өтініштердің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде келесі бұзушылықтар анықталды:
- тиісті лицензиясыз медициналық қызметті жүзеге асырудың 4 фактісі;
- сертификатталған мамандарсыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 жағдайы;
- дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі.
Тексеру қорытындысы бойынша Комитеттің аумақтық департаменттері әкімшілік жауапкершілік туралы хаттамалар жасады. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты, – делінген ДСМ хабарламасында.
Ал соңы өліммен аяқталған жағдайларға қатысты Жамбыл облысында қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Олардың барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидаларының өрескел бұзушылықтары анықталды.
Осы жағдайлар бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына берілді. Осы өңірдегі емшаралар кабинеттерінің бірі қызметін ресми түрде тоқтатты, – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, Жамбыл облысында бүгінде 107 емшара кабинеті жұмыс істейді, оның 42-сі ғана дәрігерге дейінгі медициналық көмекті іске асыруға лицензиясы бар.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға емшаралық медициналық қызметтерге тек лицензияланған медициналық ұйымдарға хабарласуға, қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігінің болуын нақтылауға және тиісті дәрігерлік бақылаусыз үйде медициналық рәсімдерді жүргізуге жол бермеуге кеңес береді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Таразда ем-шара кабинетінде антибиотик салдырған екі ер адам қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.