Бүгінде Екібастұз Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі ретінде ғана емес, сонымен қатар бизнес әлеуметтік ортаны дамытуға жауапкершілікпен қарайтын қала ретінде де қарқынды өзгеріп келеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
RWS KZ холдингінің ауқымды жобалары Павлодар облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Бұл тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнестің экономиканы дамытуға ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға да белсенді атсалысуы қажет екендігі жөніндегі ұстанымына толық сәйкес келеді.

Екібастұз бен Петропавл қалаларындағы 8 кәсіпорынды біріктіретін RWS KZ холдингі бүгінде Қазақстанның теміржол саласына арналған өнімдердің жетекші өндірушілерінің бірі болып табылады. Елдегі осы бағыттағы өнімнің 70%-дан астамы осында шығарылады. Атап айтқанда, тұтас илектелген доңғалақтар, осьтер мен доңғалақ жұптары, ұста-бандаж өнімдері, темірбетон шпалдар мен арқалықтар, бағыттамалық бұйымдар, рельстік бекіткіштер және жылжымалы құрам өндіріледі. Сонымен қатар жаңа инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланып отырған электрметаллургиялық кешеннің құрылысы.

Өндірісті дамыту компания стратегиясының бір бағыты ғана. Павлодар облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында RWS KZ қалалық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындарды қолдауға және Екібастұздың тартымдылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Соның жарқын мысалдарының бірі - толығымен холдингтің өз қаражаты есебінен ұйымдастырылып, қаржыландырылатын RWS RUN марафоны. Екі жылдың ішінде бұл жарыс өңірдегі ең ірі спорттық іс-шаралардың біріне айналды. Биыл халықаралық сертификатталған трассада Қазақстанның түкпір-түкпірінен, жақын шетелдер мен Еуропа елдерінен келген 1100-ден астам қатысушы бас қосты. Сондай-ақ 7-15 жас аралығындағы балаларға арналған арнайы жарыс ұйымдастырылды. Осылайша екі жыл ішінде RWS RUN мыңдаған адамды салауатты өмір салты, өзара қолдау және қаланы дамыту идеясының төңірегіне топтастырған өңірдегі ең ауқымды спорттық жобалардың біріне айналды. Сонымен қатар спорттық іс-шара қаланың кафе, қонақүй, дүкендері мен шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне де серпін берді.

Тағы бір игі дәстүр - Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған жыл сайынғы жалпықалалық мерекелік іс-шара. RWS KZ толық қаржыландыратын бұл мәдени шара қала тұрғындары мен қонақтарының барлығына ашық. 2024 жылы концертті тамашалауға 15 мыңнан астам адам келсе, 2025 жылы келушілер саны 20 мыңнан асып, мұндай қоғамдық бастамалардың халық арасында жоғары сұранысқа ие екендігін көрсетті.
- Адамдар - тек кәсіпорынның ғана емес, бүкіл Екібастұздың басты қозғаушы күші. Дәл солар ең үздік дәстүрлерді сақтап, тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп, қаланың болашағын қалыптастырады, - деді RWS KZ бас директоры Сергей Павлингер.
Холдингтің әлеуметтік саясаты ұзақ мерзімді жобаларды да қамтиды. Меморандум аясында компания кадр даярлау ісіне де инвестиция салуда. Холдинг «Машина жасау», «Өндірісті автоматтандырылған басқару жүйелері», «Металлургия» және «Ғимараттар мен құрылыстар салу» мамандықтары бойынша мамандар даярлайтын корпоративтік техникалық колледж салады. Сонымен қатар мектеп оқушылары үшін бейіндік пәндер тереңдетіліп оқытылатын корпоративтік сынып ашылады. Қазірдің өзінде жас мамандар дуальды білім беру жүйесі бойынша оқып, теорияны өндірістегі тәжірибемен ұштастыруда. Бұдан бөлек, Екібастұзда RWS KZ корпоративтік оқу орталығы жұмыс істейді. Мұнда қызметкерлер біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өтеді.
Сондай-ақ RWS KZ корпоративтік балабақша, тұрғын үйлер және қонақүй-мейрамхана кешенін салу жобаларын жүзеге асыруда. Бұл нысандар ең алдымен кәсіпорын қызметкерлеріне арналғанымен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, Екібастұздың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қосатын болады.

Бизнес пен мемлекеттің осындай өзара іс-қимыл үлгісі Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту жөніндегі саясатын іске асырудың нақты мысалдарының біріне айналып отыр. RWS KZ тәжірибесі өндірісті дамытуға бағытталған инвестициялар адамдардың әл-ауқатын арттырумен, қалаларды дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар жүзеге асырылатынын айқын көрсетеді.
Бүгінде RWS KZ Павлодар облысы әкімдігімен жасалған меморандумда көзделген міндеттемелерді орындап, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Компания ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырып қана қоймай, білім беру, спорт, қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды қолдау бағыттарына да инвестиция салып, өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.