Әлемдегі «тариф майданы» және жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесу барысында, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Президенттің айтуынша, алпауыт мемлекеттердің бір-біріне қарсы жоғары тарифтер енгізуі салдарынан өндіріс пен сауда тізбегі бұзылып, шикізат бағасы тұрақсыздана түсті.
Бүгінде жоғары тарифтерге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай тұрақсыз болып отыр. Соған қарамастан, президент қазақстандықтарды сабырға шақырды.
Дүрлігуге себеп жоқ. Біз барлық сын-қатерлерді еңсеруге дайынбыз. Қиындықтарға қарамастан, негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толық орындалады, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жедел аяқтауды тапсырғанын атап өтті. Бұл жоспар ел экономикасының өсу қарқыны мен инвестициялар көлемін төмендетпеуге бағытталған.
Бүгінде инвестиция үшін күрес күшейді. Сондықтан жылдам әрі сенімді әрекет етуіміз қажет. Қазіргі дағдарыс басшылықтағы азаматтардың іскерлігін сынайтын кезең болмақ. Сонымен бірге бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деп түйіндеді президент.