Дубайдағы Иран зымыраны түскен Fairmont The Palm резиденциясында қазақстандықтарға тиесілі ондаған пәтер бар екені белгілі болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл туралы белгілі журналист Манас Қайыртай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның мәліметінше, аталған элиталық кешенде қазақстандық бай азаматтарға тиесілі 96–97 пәтер болған.
Журналистің айтуынша, Fairmont The Palm резиденциясының бір бөлігі қонақ үй ретінде жұмыс істейді, ал қалған екі ғимараты тұрғын үй кешені саналады.
"C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегіне сәйкес, бұл резиденциядан қазақстандықтар 97 пәтер сатып алған. Олардың арасында бұрын билікте лауазымды қызмет атқарған тұлғалардың туыстары да бар", — деп жазды Манас Қайыртай.
Сонымен қатар журналист аталған резиденциядан баспана алған қазақстандықтардың тізімін де жариялаған.
Олардың қатарында:
Бағда Баталова (экс-әкім Амандық Баталовтың жұбайы),
Мирас Мами (Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мамидің ұлы),
Лейла Адайбекова (Берік Имашевтің жұбайы),
Елжан Имашев (Берік Имашевтің ұлы),
Жанар Сейдвалиева (Қайрат Шәріпбаевтың бұрынғы жұбайы),
Қорлан Шәріпбаева (Қайрат Шәріпбаевтың қызы),
Өркен Есей (Ахметжан Есімовтың күйеу баласы),
Алена Шенесары (Гүлжан Қарағұсованың келіні),
Қайсын Жұмағалиева (Асқар Жұмағалиевтің анасы),
Сержан Дүйсебаев (Қазақстанның ЕЭО-дағы өкілі),
Руслан Ақбердиев (Президент күзет қызметінің бұрынғы қызметкері),
Ғабдулхәкім Жашыбеков (Президент әкімшілігінде қызмет атқарған генерал),
Николай Родостовец (экс-министр),
Ардақ Зиябек (экс-вице-министр Берік Толымбаевтың ұлы) бар.
Айта кетейік, бұған дейін Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясына Иран зымыраны түскені туралы ақпарат тараған болатын.