Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжановтың қызы Еңлік Сәтжанова әкесінің денсаулығына байланысты қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«33 жыл еңбек етіп, Қазақстанның туын желбіретіп жүрген адамды доп секілді анда-мында тептіңіздер. Әрдайым нәтиже әкелетін бапкер. Бірақ сіздерге нәтиже керек емес екен», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әкесінің денсаулығына алаңдаған жандарға: «Денсаулық осы Қазақстанның боксын дамытамын деп кетті ғой. Қанша еңбек, энергия, уайым кетті осы үшін. Бірақ оны ешкім бағаламайды», – деп жауап берді.
Еске салайық, кеше Қайрат Сәтжанов ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен босатылып, оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды.